Денсаулық

Жаппай дерт деректері жоқ

Өткен жұмада облыстық әкімдік ғимаратында еліміздің бас санитарлық дәрігері Анатолий Белоног болып, облыстың санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметкерлерімен кеңес өткізді.

А.Белоног алдымен санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың республикадағы ахуалымен қысқаша таныстырып өтті. Сондай-ақ, санитарлық-эпидемиологиялық интеграция жөніндегі тұжырымдама мақсатын таныстырды.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің директоры Құралай Әлжанова облыстағы жағдай бойынша хабарлама жасады. Кеңес барысында инфекциялық, паразиттік аурулардың алдын алу және оны азайту, өте қауіпті аурулардың таралуына жол бермеу туралы облыста атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.

Бүгінгі күні облыста санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты деп айтуға болады. Елді мекендерде, еңбек ұжымдарында, медициналық ұйымдарда жаппай ауру деректері тіркелген жоқ. Әсіресе, оба, құтыру, сібір жарасы, доңыз тұмауы, сүзек және басқа да қатерлі ауруларға жол берілмеуде. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, салмонеллез ауруы 2,1 есе, бактериалық дизентерия 7 жағдайға, тағамдық токсикалық инфекция 1 жағдайға азайған. Сонымен қатар менингит, қызылша, қышыма, сифилис, ВИЧ және басқа вирустардың таралуы кеміді.

Тұтастай алғанда, облыста профилактикалық егумен қамту 49,8 пайызды құрап отыр.

Ауру вирустарының кейде сырттан да келетіні болады. Бір елден екінші елге адамдардың өтуі, тауар айналымдары да кейде кері әсерін тигізіп жатады. Сондықтан «Жайсаң» және «Әлімбет» автожолдарында санитарлық оқшаулау бекеттері жұмыс істейді.

Облыстық әкімдік 2008-2009 жылдардағы эпидемиологиялық кезең үшін тұмауға қарсы 11 105 доза вакцина сатып алуға 18 822 975 теңге қаржы бөлді. Бұл мұның алдындағы кезеңмен салыстырғанда 2 есеге көп.

Біздің өңірде ауыз сумен қамтамасыз ету, оның ішінде судың сапасын тексеру жөнінде біршама жұмыстар атқарылуда. Соның нәтижесінде биылғы жылы ауыз судың талаптарға сәйкес келмеуі санитарлық-химиялық көрсеткіштер бойынша 1,1 пайыз, микробиологиялық жөнінен 1,7 пайыз құрады. Бұл республикалық көрсеткіштен аспайды.

Балалардың денсаулығын сақтау бойынша да біршама ілгерілеппіз. Оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету 1,3 есе өсіп, жалпы қамту 70 пайыз құраған. Сондай-ақ, қала сыртындағы, мектеп жанындағы, еңбек, санаторийлік лагерьлер көбейген.

Қазіргі кезде өнеркәсіп кәсіпорындарында еңбек жағдайының сақталуы, тамақтандыру мәселелері санитарлық қадағалауға алынған.

Еліміздің бас санитарлық дәрігері Анатолий Белоног облыстың санитарлық-эпидемиологиялық қызметіне жағымды баға берді.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button